Негізгі бет

Қармақшы ауданы орналасқан жерҚармақшы ауданы – Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1928 жылы құрылған. Жер аумағы 31,0 мың км2. Аудан орталығы – Жосалы кенті.

Географиялық орны
Аудан жерін толығымен Тұран жазығы алып жатыр. Қиыр солтүстігінен Арал қарақұмының төбелі келген Жіңішкеқұм және Көлқұдыққұм құмды алабы, орталық тұсында Алақайдың ақтақыры және Жосалы даласы, оңтүстігінде Қызылқұмның төбелі құмдары орналасқан. Ауданның ең биік жері солтүстігінде (Тарғыл тауы, 160 м). Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған.
Аудан жерінің орта тұсынан Сырдария өзені ағып өтеді. Одан Қармақшы, Шиелі каналдары тартылған. Оңтүстігінде Сырдарияның ежелгі арналары – Жаңадария, Іңкәрдария, т.б. өтеді.

Тарихы

Korkyt

Қорқыт ата мазары

«Қармақшы» атауы 15 ғасырдан бастау алған. Қараөзек арнасының Сырдария өзенімен қиылысқан жерін ежелгі тұрғындар «Қармақшы өткелі» деп атаған. Ресеймен байланыс орныға бастаған жылдардан (шамамен 1850 жылы) бастап осы өткел «Қармақшы форт-2» деп аталған. 1904 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының іске қосылған кезінен жергілікті жерден жоса бояуы алынатын бояулы тастардың көптеп шығып жатуына байланысты сол төбелердің атымен стансаны «Жосалы» деп атаған. Аудан аумағында Қорқыт ата мазары, «Жетіасар», «Алтындыасар», «Шірік Рабат», «Сырлытам», «Қосқала», т.б. көне заманның тарихи-архитектуралық ескерткіштері бар. Аты аңызға айналған орта ғасыр ойшылы, күй атасы Қорқыт бабаға, «Рүстем-Дастан» эпосының қазақша нұсқасының авторы ақын Т.Ізтілеуовке, 2-дүниежүзлік соғыс майданында қаза болғандарға арналған ескерткіштер қойылған. 1932 жылдан «Қармақшы таңы» газеті шығады. Аудан жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы орналасқан.

Климаты, топырағы және өсімдіктері мен жануарлар дүниесі
Климаты тым континенттік, қысы біршама суық, жазы ыстық әрі қуаң, аңызақты келеді. Қаңтар айындағы ауаның жылдық орташа температурасы –9 – 130С, шілдеде 27 – 290С.
Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100 – 150 мм.
Топырағы солтүстігінде сұр, құмайтты сұр, тақыр және тақыр тәрізді топырақ, орталық бөлігінде құмайтты сұр, бозғылт сұр, Сырдария аңғары мен жайылмасында шалғынды топырақ және шалғынды-батпақты топырақ қалыптасқан. Оларда боз жусан, еркекшөп, баялыш, бұйырғын, тасбұйырғын, көкпек, ши, қара сексеуіл, сарсазан, қамыс, құрақ, қаратал, жиде, жыңғыл, шеңгел, т.б. өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, борсық, құмқояны, құстардан қаз, үйрек, қырғауыл, көкқұтан, т.б. мекендейді. Сырдария өзені балыққа бай.

Халқы және әкімшілік-территориялық құрылымы
Тұрғыны 50,6 мың адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге шаққанда 1,6 адамнан келеді (2010).
Аудан халқы көпұлтты. Халықтың негізін қазақтар (97,8%) құрайды. Одан басқа орыс, кәріс, татар, өзбек т.б. ұлт өкілдері тұрады. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге шаққанда 1,6 адамнан келеді.
Аудандағы 28 елді мекен 2 кенттік және 10 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген.
Ірі елді мекендері:

Жосалы (18,9 мың адам),
Төретам (7,2)
Ақай (2,8),
Ақжар ауылы (2,3),
Интернационал ауылы (2,6),
Тұрмағамбет ауылы (2,3),
Жаңажол (2,2),
Ақтөбе ауылы (2,1), т.б. ауылдар.

Шаруашылығы мен өнеркәсібі
Ауданда 1996 жылға дейін негізінен, күріш пен қаракөл қойы, оған қосымша сүтті-етті мал, жылқы, түйе, мал азықтық дақылдар өсіруге маманданған 3 ұжымшар, 7 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі болған. Олардың негізінде Қармқшы ауданы аумағында 1 ӨК, 2 акционерлік қоғам, 16 серіктестік, 57 шаруа қожалығы жұмыс істейді (2005). Жалпы, Қармақшы ауданында 244 заңды тұлға тіркелген (2005). Оның ішінде 31-і мемлекеттік меншігінде, мемлекеттік қазыналық кәсіпорын саны 106, 134 ЖШС, 2 толық серіктестік, 3 ӨК болды. Салалар бойынша: 2 құрылыс, 4 көлік, 107 сауда, 6 тұрмыстық қызмет көрсету және 127 басқа шағын кәсіпорындар бар.
Ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 2 млн. 129 мың га, оның ішінде жыртылған жері 17,4 мың га, шабындық 24 мың га, жайылым 2 млн.080 мың га (2009).
Аудан аумағында 45,9 км су құбыры тартылған.
Ауданда 14,1 мың бас ірі қара, қой мен ешкі 32,8 мың бас, жылқы 2,5 мың бас, түйе 1,13 мың бас тіркелді (2005).
Нарық экономикасына өтуге байланысты шағын кәсіпкерлік те біршама дамып келеді. Ауданда 2005 жылы 1114 шағын кәсіпкерлік нысан тіркелді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы бағытында 85, жеке кәсіпкерлік 1029 болды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлға саны 117. Аудан аумағында өнеркәсіп өнімдерін өндіретін 10 нысан тіркелген.

Инфрақұрылымдары
Әлеуметтік инфрақұрылым саласында мәдениет және спорт бойынша 1 музей, 18 кітапхана, 2 мәдениет үйі, 14 клуб, 1 стадион, 17 спортзалы, денсаулық сақтау және емдеу мекемелерінен 6 аурухана, 1 емхана, 6 фельдшер-акушерлік пункт, 5 отбасылық-дәрігерлік амбулатория бар.
Ауданда 15 балабақша, жалпы білім беретін 22 мектеп, 12 мешіт, 1 ұлттық мәдени орталық (корей) тіркелген.
Қармақшы ауданы жерімен Ташкент-Орынбор темір жолының 110 км телімі өтеді. 5 темір жол станциясы (оның ішінде Байқоңыр ғарыш алаңына апаратын ( Төретам темір жол станциясы) орналасқан. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 323,0 км, оның 139 км. республикалық маңызы бар жолдар.

Қармақшы ауданы туралы

Мекен-жайымыз

Печать
icon

ҚР Мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы

ҚР Президенті Жолдауы

Электронды үкмет порталы

EXPO 2017